АҚШ Конго ДР құрамасына 2026 жылғы әлем чемпионатына кіруге тыйым салуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Конго Демократиялық Республикасы құрамасы Эбола вирусының өршуіне байланысты АҚШ енгізген 21 күндік оқшаулану талабына қарамастан, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына дайындық кестесін өзгертпейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

АҚШ Конго ДР құрамасына 2026 жылғы әлем чемпионатына кіруге тыйым салуы мүмкін
Фото: fifa.com

Ақ үйдің әлем чемпионатына дайындық жөніндегі арнайы тобының атқарушы директоры Эндрю Джулиани Конго делегациясы Бельгиядағы жаттығу жиыны кезінде қатаң карантин режимін сақтауы тиіс екенін айтты.

Оның сөзінше, «қауіпсіздік көпіршігі» талаптарының бұзылуы АҚШ-қа кіруге рұқсат бермеуге әкелуі мүмкін.

– Біз Конго құрамасына 11 маусымда Хьюстон қаласына келер алдында 21 күн бойы өздерінің «қауіпсіздік көпіршігінің» тұтастығын сақтауы міндет екенін анық түсіндірдік. Әйтпеген жағдайда команда АҚШ-қа кіру мүмкіндігінен айырылуы ықтимал, – деді Джулиани.

Соған қарамастан, құрама өкілдері дайындық бағдарламасы өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді.

Жоспар бойынша команда 3 маусымда Бельгияның Льеж қаласында Дания құрамасымен, ал 9 маусымда Испанияның Кадис қаласында Чили құрамасымен жолдастық матч өткізеді.

Жалғыз өзгеріс – команданың жанкүйерлермен қоштасу мақсатында жоспарланған Киншаса сапарының тоқтатылуы болды.

Команда өкілінің айтуынша, бұл шешім АҚШ ескертуінен бұрын қабылданған.

– Біз жаттығу бағдарламасын сақтап қалдық. Қазіргі құрамдағы ешбір ойыншы Конго ДР аумағында тұрмайды. Жолдастық кездесулер кестеде қалады, – деді құрама өкілі.

Турнир кезінде команда Хьюстонда орналасады. К тобы аясындағы алғашқы матчта Конго ДР құрамасы 17 маусымда Португалия құрамасымен кездеседі.

Одан кейін 23 маусымда Мексиканың Гвадалахара қаласында Колумбия құрамасымен, ал 27 маусымда Атлантада Өзбекстан құрамасымен ойнайды.

Футболшылардың басым бөлігі және бас бапкер Себастьян Десабр Еуропада тұрады. Делегацияның бірнеше мүшесі Бельгиядағы жаттығу лагеріне Конго ДР-дан аптаның басында келген.

Еске сала кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасында таралған Эболаның сирек кездесетін Бундибугйо штамына қатысты қауіп деңгейін «өте жоғары» дәрежеге көтерді.

ДДҰ сондай-ақ Конго ДР мен көршілес Угандадағы індетті халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп жариялады. Ұйым мәліметінше, Конго ДР-да шамамен 750 күдікті жұқтыру дерегі және 177 ықтимал өлім жағдайы тіркелген.

Бұған дейін ДДҰ Эбола вирусы сирек штамының таралуына байланысты дабыл қаққанын жаздық.

Ал Конго ДР-да ашулы топ Эбола шатыр-ауруханаларын өртеп жіберді.