АҚШ конгрессмендеріне қауіпті хат жолдаған ер адам айыпталды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Иллинойс штатында Мэтью Англсбиге Конгресс мүшелеріне ақ түсті түйіршікті зат салынған және сес көрсеткен төрт хат жіберді деген айып тағылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі NBC News басылымына сілтеме жасап.
Англсби ФТБ қызметкерлеріне Конгресс мүшелеріне төрт хат жібергенін мойындаған көрінеді. Онда белгісіз зат салынған және «Ха-ха, сыйлығыңнан ләззат ал!» деген жазу жазылған хат бар. Оның бұл әрекетке осы айдың басында басқа адамдарға да осындай хат жіберілгенін білгеннен кейін барғаны айтылады. Конверттерде Англсбидің аты-жөні мен мекенжайы көрсетілген.
Федералдық тергеу бюросының (ФТБ) мәліметінше, Энглсби хаттарды алушылар қауіпті деп қабылдайтынын білгенін мойындаған. Ол хаттардағы түйіршікті заттың тұз екенін, бірақ оның күйдіргіге (сібір жарасына) аздап ұқсайтынын айтқан. Алайда бұған дейін осындай хаттар жіберуге қатысы барын жоққа шығарған еді.
Англсбидің үйін тінту кезінде ФТБ қызметкерлері Конгресс мүшесіне арналған бесінші конвертті тапты. Конверт бос әрі желімделмеген. Тергеуге белгісіз адамның саясаткерлерге күмәнді зат жіберуді жоспарлағаны туралы хабар түрткі болған.
Англсбиге жалған ақпарат тарату, жалған әрекет жасау және қоқан-лоқы мазмұндағы хабарламалар жіберу айыптары тағылды.
Бұған дейін Трамп сайлаудағы бұрмалаушылықты әшкерелегендерге 1 млн доллар ұсынғаны хабарланған болатын.