АҚШ қор нарығында акциялар құлдырап, Dow Jones индексі 400 пункттен астам өсті
АСТАНА. KAZINFORM – Nvidia және Anthropic компаниялары акцияларының арзандауы технологиялық секторға қысым түсіріп, Nasdaq индексінің төмендеуіне әкелді. Соған қарамастан, Dow Jones индексі 400 пункттен астам өсім көрсетті, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.
Сейсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша Nasdaq индексі 1,48 пайызға төмендеп, 23 733,54 пунктті құрады. S&P 500 индексі 0,5 пайызға арзандап, 7 201,09 пунктке түсті. Ал Dow Jones 423,39 пунктке немесе 0,85 пайызға өсіп, 50 018,70 пунктке жетті. Оның өсуіне Amgen, Nike және Salesforce компанияларының акциялары ықпал етті.
Бұл құлдырау дүйсенбі күнгі айтарлықтай өсімнен кейін болды. Сол күні Nasdaq 6,5 пайызға, S&P 500 4,7 пайызға көтерілген еді. Бұл – 2025 жылғы сәуірден бергі бір күн ішіндегі ең жоғары өсім. Осылайша S&P 500 индексінің жеті күнге созылған төмендеу кезеңі тоқтаған болатын.
Nvidia акциялары дүйсенбіде 31,5 пайызға қымбаттағаннан кейін сейсенбі күнгі саудада шамамен 6 пайызға арзандады. Компания директорлар кеңесі негізін қалаушылардың бірі Дженсен Хуанды бас директор қызметіне қайта тағайындады. Ол бұл қызметтен 11 күн бұрын кеткен еді. Кеңес АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктерінен ақпарат алғанын, ал тәуелсіз комитет Хуанды шетелдік барлау қызметі нысанаға алғаны туралы мәліметтерді тексеруді жалғастыратынын мәлімдеді.
Anthropic компаниясының акциялары да 6 пайыздан астам арзандап, бастапқы жария орналастыру кезіндегі 83 долларлық бағадан төмен түсті. Бейсенбі күні Nasdaq биржасына шыққан кезде оның акциялары 115 долларға дейін көтерілген еді. Компания акцияларды орналастырудан жалпы 93,5 млрд доллар тартқан. Оның 91,6 млрд доллары Anthropic-ке тиесілі. Бұдан бөлек, компания Nvidia, Microsoft және Google кіретін жеті инвестордың қатысуымен жеке орналастыру арқылы 26 млрд доллар жинаған.
Чип өндіруші өзге компаниялардың да акциялары арзандады. Micron Technology шамамен 11 пайызға, Advanced Micro Devices 9 пайызға жуық, ал Broadcom 4 пайызға төмендеді. Бұл үш компания да Anthropic-тің жеке инвестициялық орналастыруына қатысқан. Oracle акциялары 3 пайыздан астам, Alphabet шамамен 1 пайыз арзандады.
Сонымен қатар АҚШ-тағы тұтынушылар сенімінің қараша айындағы индексі 11,4 пунктке өсіп, 103,3 пунктті құрады. Инвесторлар АҚШ-тың Қытай мен басқа да ондаған елге қатысты кедендік баж салығын көтеруге дайындалып жатқаны туралы The Wall Street Journal басылымының хабарын да назарға алды.
Еуропа қор нарықтарында да төмендеу байқалды. Stoxx Europe 600 индексі 0,66 пайызға арзандап, 632,74 пунктке түсті. Италияның FTSE MIB индексі 1,84 пайызға төмендеді. Германияның DAX индексі 1,31 пайызға, Испанияның IBEX 35 индексі 0,86 пайызға азайды. Ұлыбританияның FTSE 100 индексі 0,13 пайызға, Францияның CAC 40 индексі 0,05 пайызға төмендеді.
Инвесторлар сәрсенбі күні жарияланатын АҚШ-тағы жеке тұтыну шығындарына қатысты инфляция көрсеткіштерін күтіп отыр.
Еске сала кетсек, кеше ғана Nvidia басшысы қызметіне қайта оралғаннан кейін АҚШ-та акциялар күрт өскенін жазып едік.
Сондай-ақ рекордтық IPO өткізген Anthropic компаниясының акциялары арзандап кетті.