АҚШ Қорғаныс министрлігі генералдар мен адмиралдар санын 20%-ға қысқартады

ВАШИНГТОН. KAZINFORM – АҚШ Қорғаныс министрлігі қарулы күштердің құрылымын оңтайландыру және жедел тиімділікті арттыру мақсатында генералдар мен адмиралдар санын 20%-ға қысқарту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Анадолы жазды. 

АҚШ Қорғаныс министрлігі генералдар мен адмиралдар санын 20%-ға қысқартады
Фото: Анадолы

Министрлік таратқан мәлімдемеде армияның қабілеті мен жауынгерлік дайындығын сақтау үшін әскери басшылық құрылымын жеңілдету қажет екені атап өтілген.

— Бұл шаралар әскери басқару жүйесін икемдірек әрі заманауи етуге бағытталған. Жаңа жүйе бюрократиялық емес, керісінше инновацияны қолдауға және жедел жетілдіруге негізделеді, — делінген мәлімдемеде.

Атап айтқанда, төрт жұлдызды генералдар мен адмиралдардың саны кем дегенде 20%-ға қысқарады. Сонымен қатар бұл қысқарту Ұлттық гвардия құрамында қызмет ететін жоғары шенді офицерлерге де әсер етеді.

— Бұл қадам қабылданған соң қорғаныс құрылымы бұрынғыдан да мобильді және тиімді болады. Осы шаралар арқылы біз әлемдегі ең қуатты жауынгерлік күш болып қала береміз, бейбітшілікті күш арқылы нығайтып, тиімділік, жаңашылдық және даярлық деңгейін арттырамыз, — деп қорытындылады ведомство.

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы АҚШ әскери шығындарын 1,01 триллион долларға ұлғайтуға ниетті екенін жаздық.

Сондай-ақ, АҚШ Шығыс Еуропадағы 6000 сарбазын алмастырады.

Соңғы жаңалықтар