АҚШ Кубаға қатысты санкцияны жұмсартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Вашингтон АҚШ азаматтары үшін Кубаға сапарға және кубалық кәсіпкерлермен ынтымақтастыққа қатысты шектеуді жұмсартты.

АҚШ Кубаға қатысты санкцияны жұмсартты

Атап айтқанда, енді америкалық компания Кубада еншілес құрылымдар ашып, жергілікті фирмалармен бірлескен кәсіпорын құра алады.

Бұдан басқа, жыл соңында елдер арасында тікелей почта қатынасы мен тұрақты коммерциялық авиарейстер қалпына келуі мүмкін деп күтілуде.

Жұмада АҚШ президенті Барак Обама Вашингтонда кубалық елшіліктен сенімгерлік грамотасын алды. Дипломат соңғы жарты ғасырдағы АҚШ-тағы Кубаның алғашқы елшісі атанды.

Елдер арасындағы дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіру шешімі шілдеде қабылданды. Сол күні аралдық мемлекет Вашингтонда елшілік ашты.

Тамызда Кубаға ресми сапармен мемлекеттік хатшы Джон Керри келген болатын. Ол 1945 жылдан бастап Кубаға келген мұндай дәрежедегі алғашқы америкалық саясаткер болды.