АҚШ Литвадан әскерін шығарып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Құрама Штаттар ротациялық орналастыру мерзімі аяқталғаннан кейін Литвадан 1 мыңнан астам америкалық әскер мен әскери техниканы шығара бастады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің ЕО-дағы меншікті тілшісі. 

АҚШ Литвадан әскерін шығарып жатыр
Фото: Press.lv

Литваның қорғаныс министрі Робертас Каунас LRT арнасына әскерді шығару жоспарланғанын және ағымдағы ротацияның аяқталуымен байланысты екенін нақтылады

Жаңа америкалық контингенттің келуі күтіліп отыр, бірақ нақты уақыты мен саны әлі анықталған жоқ. Бұл Вашингтонның Еуропадағы әскери қатысуын қайта қарастыруы аясында болып отыр. 

Р.Каунас сондай-ақ Құрама Штаттардан ротациясын аяқтаған америкалық сарбаздардың орнына басқалары келетініне кепілдік алғанын мәлімдеді, бірақ бұл қашан болатыны әлі белгісіз. 

Литва президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бас кеңесшісі Дейвидас Матуленистің атап өтуінше, ротациядағы мұндай үзіліс табиғи және логистикалық себептерге байланысты. 

Литва билігі АҚШ-тың елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттемесі күшінде қалатынын атап өтті.

Бұған дейін, 2026 жылғы мамыр айының басында АҚШ Stryker бригадасының шамамен 5 мың әскери қызметкерін Германиядан шығара бастады. Жалпы алғанда, Германияда шамамен 40 мың америкалық әскер орналасқан. 

Бұл қадам — Вашингтонның Еуропа аймағындағы әскери стратегиясын кеңінен қарастырудың бір бөлігі. Балтық жағалауы елдері, соның ішінде Литва ұжымдық қорғаныстың қажетті деңгейін ұстап тұру үшін НАТО одақтастарымен белсенді консультацияларды жалғастырып келеді.

Осыған дейін АҚШ Польшаға қосымша бес мың әскери қызметкер жіберуді жоспарлап отырғанын хабарладық