22:50, 13 Шілде 2016 | GMT +5
АҚШ мамандары Қазақстан Қарулы күштерінің нұсқаушы сержанттарын оқытады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ш.Уәлиханов атындағы ҚР ҚМ Кадет корпусының базасында нұсқаушы сержанттарды оқытудың озық әдістемесін зерделеу бойынша білім беру курсы басталды, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
Америка Құрама Штаттарының 6 жоғары білікті маманы Қазақстанның әскери жоғары оқу орындарының оқытушыларымен бірлесе ҚР Қарулы Күштерінің оқу-жаттығу орталықтары және жоғары оқу орындарының сержанттарымен 200-ге жуық сағат теориялық және практикалық сабақтар өткізеді.
Практикалық сабақтар оқып-үйренушілердің дәрістерде алған теориялық білімдерін тереңдету, белгілі бір лауазымды тұлға рөлінде бөлімшелерді басқару мәселелері бойынша олардың шеберліктерін, сондай-ақ, функционалдық міндеттерді орындауда сержанттардың практикалық машықтарын жетілдіру мақсатында өткізіледі.