АҚШ маймыл шешегіне қарсы вакцинаның тағы 800 мың дозасына тапсырыс берді

ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау органдары жақын арада Америка Құрама Штаттарында маймыл шешегі вирусына қарсы вакцинаның 800 мыңға жуық дозасы таратылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ABC News-ке сілтеме жасап.

АҚШ маймыл шешегіне қарсы вакцинаның тағы 800 мың дозасына тапсырыс берді

Бұл хабарландыру АҚШ билігіне халықты вакцинациялауды тым баяу жүргізіп, жұқпалы аурудың таралуын ұстай алмағаны үшін сын күшейген кезде жасалды.

Шамамен екі апта бұрын азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы Данияда вакцина шығаратын Bavarian Nordic кәсіпорнында қажетті тексеру жұмыстарын аяқтағанын хабарлаған.

Басқарма сертификаттау сәтті аяқталғанын мәлімдеді.

АҚШ-тың денсаулық сақтау департаменттеріне екі рет қолданылатын Jynneos вакцинасының 310 мыңнан астам дозасы жіберілген.

Бірақ елдің Сан-Франциско, Нью-Йорк және басқа да ірі қалаларындағы клиникалар екпенің сұранысты қанағаттандыруға әлі де жеткіліксіз екенін атап өтті.

Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметінше, 27 шілдеге дейін АҚШ-та маймыл шешегі вирусын жұқтырудың 4600-дан астам жағдайы тіркелді.

Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіш.

Ел шенеуніктері осы айда вакцинаның тағы 5 млн дозасына тапсырыс бергенін жариялады, бірақ соның көп бөлігі елге келесі жылға дейін жеткізілмейтіні күтілуде.