АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстаннан кейін Өзбекстан мен Үндістанға барады

None
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен осы жылдың 28 ақпанынан 3 наурызына дейін Қазақстан, Өзбекстан және Үндістанға барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі АҚШ Мемлекеттік департаментіне сілтеме жасап.

28 ақпанда Мемлекеттік хатшы Астанаға келіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін Қазақстанның ресми тұлғаларымен кездеседі.

Содан кейін ол АҚШ-тың Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығына және жалпы жаһандық мәселелерді шешуде өңірмен ынтымақтастыққа бейілділігін растау үшін Орталық Азияның бес мемлекеті өкілдерімен C5+1 форматында министрлік кездесуіне қатысады.

C5+1 министрлік кездесуі экономикалық, энергетикалық және экологиялық ынтымақтастықты, сондай-ақ Америка Құрама Штаттары, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталмақ.

Мемлекеттік хатшы C5+1 министрлік кездесуі аясында екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылау мен гүлденген, қауіпсіз әрі демократиялық аймақты құрудың ортақ мақсатын ілгерілету үшін Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктерімен бөлек жолығады.

Қазақстаннан кейін Э. Блинкен Ташкентке барады, онда ол бірқатар екіжақты және аймақтық деңгейдегі әріптестікті одан әрі жылжыту мәселелері бойынша Өзбекстанның ресми тұлғаларымен бірқатар кездесулер өткізеді.

1 наурыз күні Мемлекеттік хатшы G20 елдерінің сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысу үшін Нью-Делиге аттанады. Ол жиын азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік, тұрақты даму, есірткіге қарсы күрес, жаһандық денсаулық сақтау, гуманитарлық көмек және табиғи апаттардың салдарын жою, сонымен қатар гендерлік теңдік, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту салаларында көпжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арналмақ.

Бұған дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға алғаш рет келетінін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар
telegram