АҚШ Мемлекеттік департаменті жаңа визалық шектеулерді жариялады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ ата-аналардың бірі баласын шетелге алып кеткеннен кейін оны елге қайтаруға кедергі келтірген шетелдік лауазымды тұлғалар мен өзге де адамдарға және олардың жақын туыстарына виза беруге шектеу қояды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, бұл шектеулер шетел үкіметтерінің өкілдеріне, судьяларға, сот және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне де қатысты болады. Аталған тұлғалар балаларды тұрақты тұратын еліне қайтаруға бағытталған заңдар мен сот шешімдерін қасақана орындамаған жағдайда жауапкершілікке тартылады.
Жаңа саясат мемлекеттердің халықаралық міндеттемелерін тиісінше орындауын қамтамасыз етіп, шетелге заңсыз әкелінген балалардың ата-анасына қауіпсіз әрі тезірек оралуына жағдай жасауды көздейді.
АҚШ билігі мұндай істерді қарау кезінде тиісті міндеттерін орындамаған тұлғаларға виза беруді шектейтін жаңа саясатты іске қоспақ. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың айтуынша, бұл шектеу аталған адамдардың отбасы мүшелеріне де қолданылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ бүкіл әлем бойынша виза беруді тоқтатқаны хабарланған еді. Бұл шешім консулдық қызметтерді жаһандық деңгейде қайта ұйымдастыру және виза алуға өтініш берушілерді тексеру шараларын күшейту жұмыстарымен байланысты.