АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қазақстанға сапарлауы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесті.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қазақстанға сапарлауы мүмкін
Фото: ҚР СІМ

Министрліктің баспасөз қызметі мәлім еткендей, екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аудара отырып, кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Тараптар екіжақты қатынастардың оң серпінін атап өтіп, практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге, тауар айналымын ұлғайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қазақстанға сапарлауы мүмкін
Фото: ҚР СІМ

азақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен 2025 жылғы қарашада өткен кездесуінің қорытындыларын қоса алғанда, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударылды.

Мұхтар Тілеуберді іскерлік байланыстарды нығайтудың, америкалық инвестициялар мен озық технологияларды тартудың, сондай-ақ энергетика, аса маңызды минералдар, цифрландыру, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

— Сондай-ақ тараптар Майамиде өтетін алдағы G20 саммитіне дайындық мәселелері жөнінде пікір алмасты. Бұдан бөлек, Марко Рубио G20 саммитінен кейін жақын арада Қазақстан Республикасына толық форматтағы сапармен келуге мүдделі екенін растады. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан-Америка кеңейтілген стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайтуға және нақты практикалық нәтижелерге қол жеткізуге өзара мүдделілік расталды, — делінген хабарламада.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қазақстанға сапарлауы мүмкін
Фото: ҚР СІМ

Бұған дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио жексенбі күні кешке Өзбекстанға жұмыс сапарымен келгенін жазғанбыз.