АҚШ мемлекеттік хатшысы Сауд Арабиясына барды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Сауд Арабиясына барды. Америка дипломатиясының басшысы Украинадағы соғысты тоқтату келіссөздері үшін ресейлік ресми тұлғалармен кездеспек, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Америка дауысына сілтеме жасап.

Бұған дейін Марко Рубио еуропалық елдердің Вашингтон мен Мәскеу арасындағы бастапқы келіссөздерден тыс қалу ықтималдығына қатысты алаңдаушылығын сейілтуге тырысқан болатын. Ол CBS телекомпаниясына берген сұхбатында Украинаға қатысты байыпты келіссөздер процесінің басталмағанын атап өтеді. Аталған келіссөз ілгерілеген жағдайда оған Украина мен Еуропаның міндетті түрде қатысатынын баса айтады. Мұнан бөлек, АҚШ мемлекеттік хатшысы Украинадағы соғысты тоқтату туралы барынша жан-жақты келіссөздер үшін жағдай жасауға ұмтылатындығына назар аудартады.
Бүгін Рубио жоғары лауазымды саудиялық көшбасшылармен кездеседі деп жоспарланған. Сонымен қатар Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салманмен де кездесуі ықтимал.
Украина президенті Владимир Зеленский де аталған өңірде сапармен жүр. Демалыс күні Біріккен Араб Әмірліктеріне келген Зеленский Сауд Арабиясы мен Түркияға сапарлауға ниетті екендігін айтқан. Бірақ, сапар мерзімі әзірше белгісіз. Мұнан бөлек, ол ресейлік немесе америкалық ресми тұлғалармен кездесуді жоспарлап отырмағанын атап өткен.
АҚШ делегациясы Ресеймен келіссөз жүргізу үшін Сауд Арабиясына аттанғанын жазған болатынбыз.