АҚШ мемлекеттік қарыз мәселесін шешпесе, банкротқа ұшырайды - Трамп
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп егер мемлекеттік қарыз шегі мәселесі шешілмесе, елге банкроттық қаупі төніп тұрғанын ескертті. Ол сондай-ақ қолданыстағы шектеуді алып тастауға шақырды, деп хабарлайды ТАСС.
Дональд Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында егер үкімет қарыз мәселесін шешпесе, Америка Құрама Штаттары банкроттыққа ұшырауы мүмкін екенін мәлімдеді.
- Біз қарыз шегінің мерзіміне жақындап келеміз. Егер оны шешпесек, ел банкрот болады. Мұндай бұрын-соңды болған емес, - деді Америка президенті.
Трамп Америка Құрама Штаттарында мемлекеттік қарыздың мөлшеріне шектеу болмауы керек деп санайды.
АҚШ Қаржы департаментінің мәліметі бойынша, 26 қазандағы жағдайға сәйкес мемлекеттік қарыз рекордтық 40,52 триллион долларға жетті.
Қазіргі қарыз шегі 41,1 триллион доллар. Екі партиялық саясат орталығының мәліметі бойынша, бұл шектеуге 2027 жылдың ақпан немесе наурыз айларында жетуі мүмкін.