АҚШ мұхит ортасындағы әуежайды жаңартуға 100 млн доллардан астам қаржы жұмсамақ
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ билігі Тынық мұхитының ортасындағы Мидуэй атоллында орналасқан әуежайды жаңартуға 100 млн доллардан астам қаражат жұмсауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды BILD.
Мидуэйге тұрақты жолаушылар рейсі қатынамайды, ұшақтар да мұнда өте сирек қонады. АҚШ Федералдық авиация басқармасының (FAA) мәліметінше, 2003-2021 жылдар аралығында атоллға бар болғаны 11 азаматтық және әскери әуе кемесі бағытталған.
Соған қарамастан ұзындығы шамамен 2,4 шақырым болатын ұшу-қону жолағы алдағы жылдары күрделі жөндеуді қажет етеді.
Әуежай ең алдымен Тынық мұхиты арқылы жүзеге асатын ұшулардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сақталып отыр. Мидуэй жыл сайын жоспарланатын ондаған мың рейс үшін қосалқы әуежай ретінде пайдаланылады. Ұшақта техникалық ақау пайда болған жағдайда экипаж оны осы жерге қондыра алады.
Егер әуежай қажетті сертификатынан айырылса, әуе компаниялары рейстердің бір бөлігін бұдан да алыстағы қосалқы әуежайларды ескере отырып жоспарлауға мәжбүр болады. Бұл ұшу уақыты мен жанармай шығынының артуына әкелуі мүмкін.
Қазір әуежайды ең төменгі жұмыс жағдайында ұстауға жыл сайын шамамен 5,1 млн доллар бөлінеді. Алайда FAA бұл қаражаттың жеткіліксіз екенін ескертеді.
Жоспарланған 100 млн доллардан астам қаражат ұшу-қону жолағының жабындысын жаңартуға және жағалауды қорғайтын бөгетті жөндеуге қажет.
Айта кетейік, Дональд Трамп АҚШ пен Дания Гренландияға қатысты ортақ келісімге келгенін айтты.