АҚШ өнімдерінде ГМО құрамы нормадан асып отыр -ДСМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанға АҚШ-тан жеткізілетін өнімдердің гендік модификацияланған құрамы нормадан асып түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Комитеттің 5 мамандандырылған зертханаларымен гендік модификацияланған өнімді анықтау мақсатында өнімнің 1 300 үлгісі зерттелді. Тек соңғы тоқсанда гендік модификацияланған өнімнің артық көлемі 42 пайызға дейінгі мөлшерде АҚШ тауарларынан анықталды, бұл ретте норма 0,9 пайыздан аспауы тиіс. Яғни, гендік модификацияланған өнім бойынша нормадан артық мөлшер 24-тен 50 есеге дейін байқалды», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Белгілі болғандай, ГМО-ның құрамын анықтау тұрғысында азық-түліктің 1 292 үлгісі зерттелді. Гендік модификацияланған соя құрамының артық көрсеткіші АҚШ-та өндірілген азық-түлік өнімінің төрт атауында анықталды. ГМО-ның артық деңгейі 11,5 пайыздан 42,9 пайызға дейін жеткен.
Оның сөзіне қарағанда, өнімдерді таңбалау кезінде ГМО туралы тиісті ақпарат болмаған.
Атап айтқанда, халықаралық азық-түлік стандарттарына сәйкес, тағам ретінде пайдаланылатын өнімде ГМО 0,9 пайыздан асатын болса, онда ол міндетті түрде таңбалануы тиіс.