АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапония Пхеньянға қатысты санкцияларды қатаңдатпақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапония ресми Пхеньянға қатысты санкцияларды қатаңдатуға дайын. Мұндай мәлімдемені Солтүстік Корея мәселелерімен айналысатын АҚШ өкілі жасады, деп хабарлады www.24.kz.
Оған қоса, АҚШ әскери әуе күштерінің ұшақтары Оңтүстік Кореяның Солтүстік Кореяға жақын маңайымен ұшып, сес көрсетті. Америка әуе күштерінің бомбалаушы екі ұшағы Солтүстік Корея шекарасынан 80 шақырымда барлау жасап, Гуам аралындағы Оңтүстік Кореяның базасына қайта оралды. Олардың бұл әрекеті жақында ғана ядролық сынақ өткізген Солтүстік Кореяға сес көрсету еді.: -
«Бүгін өз ұшақтарымызды ұшыру арқылы одағымыздың қаншалықты қауқары бар екенін көрсеткіміз келді. Мүмкіндіктеріміз үлкен. Олар бізге бағытталған кез-келген жауға тойтарыс беруге дайын», - дейді Оңтүстік Кореядағы АҚШ әскерінің қолбасшысы Винсент Брукс.
Мәліметтерге қарағанда, Солтүстік Корея бес рет ядролық сынақ жүргізген. Оның екеуі осы жылы жарылды. Мамандар соңғы ядролық сынақтың бұған дейінгілерге қарағанда өте жойқын болғанын айтып отыр. Ал ядролық сынақ жүргізілген аймақтың әуеден түсірілген фотосуреттерін зерттеген Оңтүстік Корея билігі Пхеньян жақын арада тағы бір ядролық сынақ жасауы мүмкін деп күдіктенеді. Осыған байланысты АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея, Солтүстік Кореяға қарсы қатаң шаралар қабылдауға келіскен.
«Солтүстік Корея бір жыл ішінде екі рет ядролық сынақ өткізді. Оған қоса 20-дан астам зымыран ұшырды. Осының барлығы ресми Пхеньянның халықаралық талаптарға құлақ аспайтынын көрсетіп отыр. Сондықтан санкцияларды барынша жылдам әрі қатаң түрде салу керек», - деді АҚШ-тың Солтүстік Корея мәселелері жөніндегі өкілі Сон Ким.
Солтүстік Кореяның ядролық сынағы халықаралық ұйымдар мен бірқатар елдің сынына ұшырады. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ядролық сынақтың Солтүстік Кореяға тиімсіз екенін мәлімдеді. Біріккен Ұлттар ұйымы Пхеньянға қарсы ешқандай шара қабылдамаса да, ядролық сынақты қатаң айыптады.
«Солтүстік Кореяның ядролық белсенділігін қарар бойынша бақылауда ұстау үшін қосымша шаралар қабылдаймыз. Олар қарардағы ережелерді ешкім бұза алмайтындай болып қабылдануы тиіс», - деді Оңтүстік Кореяның қауіпсіздік істері жөніндегі өкілі Ким Хон Гюн.
Егер Халықаралық ұйымдар Солтүстік Кореяға қарсы жаңа санкция салса, әупірімдеп күнелтіп отырған тұрғындар тығырыққа тіреледі. Онсыз да әл-ауқаты әлсіз елде нөсер жауып, тасқын болып, ондаған мың адам баспанасыз қалды. 130-дан астам тұрғын қаза тапты. Азық-түлік тапшылығы және бар. Бір сөзбен айтқанда, ел халықаралық ұйымдардың гуманитарлық көмегіне мұқтаж.