АҚШ пен Иран келіссөздері келесі аптада Пәкістанда қайта жалғасуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздердің жаңа кезеңі келесі аптада Исламабад қаласында өтуі мүмкін. Бұл туралы The Wall Street Journal газеті хабарлады.
Басылым мәліметінше, АҚШ пен Иран делдалдармен бірге өзара түсіністік туралы меморандум әзірлеумен айналысып жатыр. Құжатта соғысты тоқтату жөніндегі бір айлық келіссөздерді жүргізу шарттары айқындалады.
Газеттің жазуынша, келіссөздер келесі аптада-ақ Исламабадта қайта басталуы мүмкін. Егер тараптар белгілі бір ілгерілеуге қол жеткізсе, бастапқы бір айлық мерзім өзара келісім бойынша ұзартылуы ықтимал.
Жұма күні Al Arabiya телеарнасы дипломатиялық дереккөзге сілтеме жасап, Пәкістанның арағайындығымен өтіп жатқан консультацияларға қатысушылар «соғысты тоқтату, Ормуз бұғазын ашу және АҚШ-тың ислам республикасына қарсы блокадасын жеңілдету жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға» назар аударып отырғанын хабарлады.
Сонымен бірге, Al Arabiya дереккөзі «келіссөз процесі күрделі жүріп жатқанын және кедергілер әлі де сақталып отырғанын» атап өтті.
Айта кетейік, жуырда Дональд Трамп Иран мен АҚШ «жақсы келіссөздер жүргізді» деп мәлімдеді.