АҚШ пен Израиль Конгресс сайлауынан кейін Иранға соққы беруді жоспарлап отыр — БАҚ

АСТАНА. KAZINFORM — Аймақтағы шиеленіс өршіп тұрған тұста Вашингтон мен Тель-Авив Иранға қарсы ауқымды әскери қимылдарды қайта бастау мәселесін қарастырып жатыр.

АҚШ пен Израиль Конгресс сайлауынан кейін Иранға соққы беруді жоспарлап отыр — БАҚ
Фото: x.com/CENTCOM

АҚШ пен Израиль қарулы күштері Иранға қарсы жаңа әскери операцияның жоспарын әзірледі. Операция 3 қарашада АҚШ Конгресіне сайлаудан кейін басталуы мүмкін.

The New York Times басылымының АҚШ шенеуніктері мен келіссөз барысынан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, тараптар Иранға қарсы қысқа мерзімді, алайда қарқынды әуе шабуылдарын жүргізуге дайындықты жандандыра түскен.

Басылымның мәліметінше, әскери операция шамамен үш күнге созылуы мүмкін. Негізгі нысаналар қатарында Иранның ядролық нысандары, энергетикалық инфрақұрылымы, баллистикалық зымырандары мен дрон қоймалары бар.

Сондай-ақ «Кирка тауы» (Pickaxe Mountain) деп аталатын, жер астында терең орналасқан ядролық нысанға соққы беру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

АҚШ пен Израиль әскери күштері Иранға соққы беру кезінде қажетті маневрлерді пысықтау үшін Ирак аумағынан ұшуды қоса алғанда, бірлескен жаттығуларын күшейтті. Америкалық басылым дереккөздерінің пікірінше, жаңа ауқымды әскери операция Иран экономикасына елеулі зиян келтіріп, Тегеранды дипломатиялық келісімдерге баруға мәжбүр етуі мүмкін.

Әскери қимылдарды қайта бастауға әзірлік кезінде АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет осы аптада Израильге барып, премьер-министр Биньямин Нетаньяхумен жағдайды талқылады. Кездесу 19 қазанда Негев шөліндегі Увда әуе базасында өтті.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операция өткізу туралы түпкілікті шешім қабылдаған жоқ. The New York Times басылымының мәліметінше, ол қазан айының соңына дейін соққы жасауға рұқсат беруі мүмкін. Сонымен қатар әскери операциядан мүлде бас тартуы да ғажап емес.

Операцияға дайындық туралы ақпарат тараған тұста Трамп Вашингтонның Иранмен қазіргі уақытта келіссөз жүргізбейтінін мәлімдеп, алдағы оқиғалардың жақын арада өрбуі мүмкін екенін ескертті.

— Қазіргі уақытта Иранмен келіссөз жүргізіліп жатқан жоқ. Қалай болғанда да, жақын арада бір жағдай болады. Көпшілік бұл оқиға сайлаудан кейін орын алады деп ойлайтын сияқты, — деді Дональд Трамп Эндрюс әуе базасында президенттік ұшаққа мінер алдында журналистерге.

АҚШ президентінің бұл мәлімдемесі Израильмен жаңа әскери жоспарлар келісілгені туралы ақпарат тарағаннан кейін жасалды.

Бұған дейін, 8 қазанда Дональд Трамп АҚШ пен Тегеран арасындағы келіссөздердің нәтижелі жүріп жатқанын мәлімдеп, 3 қарашада өтетін аралық сайлауға дейін Иранға соққы жасалмайтынын айтқан еді.

Сонымен қатар Вашингтон Пәкістан арқылы Тегеранға ядролық бағдарламаға қатысты талаптарды орындамаған жағдайда ауқымды соққылар жасалуы мүмкін екенін ескерткен. Ливанның Al-Akhbar басылымының мәліметінше, бұл ескертуді Иран басшылығына Пәкістан армиясының қолбасшысы, фельдмаршал Асим Мунир жеткізген.

Басылымның хабарлауынша, Вашингтон мен Тегеран даулы мәселелерді шешу тәртібі мен кезеңдері жөнінде ортақ мәмілеге келе алмай отыр.

АҚШ Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келісімге алдымен қол жеткізуді талап етсе, Тегеран әскери әрекеттерді тоқтатуды және Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына қатысты мәселелерді шешуді алға тартып отыр.

Бұған дейін Иран АҚШ пен Израильдің жаңа соққыларына кең ауқымды жауап қайтаруы мүмкін екенін ескерткен. Мұндай жауап цифрлық инфрақұрылым нысандары мен суасты байланыс кабельдеріне соққы беруді де қамтуы мүмкін.

Еске сала кетейік, АҚШ Таяу Шығыс базаларындағы әскерін азайтып жатқанын хабарлаған едік.