АҚШ пен Қытай «сауда соғысын» бәсеңдету жөнінде келіссөздерді бастады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ пен Қытай делегациялары Женевада әлемдегі ең ірі экономикалар арасындағы сауда соғысын бәсеңдетуге бағытталған жоғары деңгейдегі келіссөздерді бастады, Euronews.

Америкалық делегацияны Қаржы министрі Скотт Бессент, ал қытайлық делегацияны Хэ Лифэн басқарып отыр.
Кездесу орны нақты жарияланбаған, ал екі елдің ресми өкілдері журналистермен тек аноним түрде пікір алмасып жатыр.
Сарапшылар келіссөздерден үлкен нәтиже күтпейді, дегенмен кедендік баждар бойынша өзара белгілі бір ымыраға келіп, бұл жаһандық саудаға келтірілетін залалды азайтып, қаржы нарықтарына біраз сенім ұялатады деп үміттенуде.
Сәуір айында АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін импортқа салынатын баж салығын 145%-ға дейін көтерген, ал Қытай жауап ретінде АҚШ тауарларына 125% баж енгізген. Бұл екіжақты сауданың іс жүзінде тоқтауына әкеліп отыр. Өткен жылы бұл сауданың жалпы көлемі 660 миллиард доллардан асқан.
Келіссөздер басталмай тұрып-ақ Трамп Truth әлеуметтік желісінде баж салығын 80%-ға дейін төмендетуге дайын екенін меңзеген.
Дональд Трамп «тарифтік соғысты» өзінің алғашқы президенттік мерзімінде бастады. Ол кезде Қытайды әділетсіз бәсекелестікке — контрафакт өнімдерді қолдану, Батыс компанияларын технологияларын беруге мәжбүрлеу және демпингке арналған мемлекеттік субсидияларды кең қолдану — айыптаған.
Бейжің бұл айыптауларды негізсіз деп санайды және Трамптың жоғары баждарын тек Қытайға ғана емес, басқа елдерге де енгізгенін еске салады.
Өткен жылы АҚШ-тың Қытаймен сауда балансының тапшылығы 263 миллиард доллар болды.
Бұған дейін Трамп енгізген тарифтердің орама өнімдер нарығына қалай әсер еткені туралы хабарланған болатын.
Айта кетелік сәуір айында Қытайда экспорт 8 пайызға өскен.