АҚШ пен НАТО М.Каддафи режимін құлату мәселесін әскери жолмен шешу туралы келіссөз жүргізуде
АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Құрама Штаттар Ливия басшысы Муаммар Каддафидің режимін құлату мәселесін «әскери жолмен» шешудің мүмкіндіктері туралы НАТО басшылығымен келіссөз жүргізуде.
АҚШ-тың БҰҰ жанындағы елшісі Сюзан Райс бүгін осындай мәлімдеме жасады. Дипломаттың айтуынша, Вашингтон бұл мәселені басқа да одақтастарымен талқылап жатыр, деп хабарлайды Reuters агенттігі.
Қазіргі таңда әлемдік қауымдастықтың бірқатар елдері Каддафидің режимін құлату үшін әскери күштерді қолданудың мүмкіндігін талқылап жатыр. Дегенмен, ондай әрекетке бару үшін бірқатар шарттардың болу керек екендігі айтылуда.
Атап айтқанда, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Ливияның қарапайым халқына зардап келтірілмейтін жағдайда ғана, халықаралық қауымдастықтың жоғарыдағыдай шараларға бара алатынын мәлім етті.
Осыдан бірер сағат бұрын мәлім болғандай, АҚШ Ливия шекарасының маңына әскер жеткізіп жатқан көрінеді. Американ армиясы әскери-теңіз және әскери-әуе күштерінің бірнеше мыңдаған жауынгері елдің шекарасына қарай жылжып келе жатыр, дейді дерек көздер. Пентагонның айтуынша, қалыптасқан жағдай осындай қажеттілік туғызып отыр, бірақ американдық әскерилер бұл қадамдардың қандай мақсатта жасалып отырғаны туралы айтудан бас тартуда.