АҚШ президентінің арнайы өкілі Ресейге барды
МӘСКЕУ.KAZINFORM - АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Ослода Украина және Еуропа тараптарымен келіссөздер өткізгеннен кейін Санкт-Петербург келді. Оның Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі жоспарланған, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Flightradar24 сервисінің мәліметінше, Ослодан ұшып шыққан Bombardier ұшағы Пулково-3 әуежайына қонған. Америкалық өкілді Ресей президентінің шет мемлекеттермен инвестициялық-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі, Ресейдің Тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев қарсы алды. Кейін олар әуежайдан бірге кеткен.
20 қазанда Стив Уиткофф Ослода Украина президенті Владимир Зеленскиймен, Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёремен және Финляндия президенті Александр Стуббпен келіссөздер өткізді. Кездесуде Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу және Еуропаның болашақ қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
21 қазан күні таңертең АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Уиткоффтың Ресейге жол тартқанын растады. Оның айтуынша, арнайы өкілдің Зеленскиймен кездесуі сындарлы өткен. Сондай-ақ Уиткофф Ресейге Украина тарапымен талқыланған ұсыныстарды жеткізеді.
Бұған дейін шетелдік БАҚ Ослодағы келіссөздерде Украинаның ұзақ мерзімді даму перспективалары, соның ішінде қауіпсіздік кепілдіктері, Еуропамен интеграция, экономиканы қалпына келтіру және инвестиция тарту мәселелері де қаралғанын хабарлаған. Келіссөздердің тағы бір бөлігі Ресей мен Еуропа арасындағы қарым-қатынастарға және жаңа қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру тәсілдеріне арналды.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұған дейін Мәскеу АҚШ президентінің арнайы өкілдерімен Владимир Путиннің жақын арада кездесуін күтетінін мәлімдеген.
Оның айтуынша, тараптар америкалық өкілдердің Украина және Еуропа тараптарымен өткізген кездесулерінің қорытындыларын талқылап, басқа да маңызды мәселелер бойынша ұстанымдарымен алмасуды жоспарлап отыр.
Стив Уиткоффтың Владимир Путинмен бұған дейінгі кездесуі қыркүйек айының басында Мәскеуде өткен.
Айта кетейік, осыған дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Өзбекстанға барды.