АҚШ Ресейдің сауда серіктестеріне 500 пайыздық баж салығын енгізуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ сенаторлары Ресейге қарсы «сұрапыл» санкциялар әзірлеп жатыр, бұл санкциялар Путин келіссөз жүргізбесе енгізіледі, деп хабарлайды Bloomberg.

Бұл туралы Дональд Трамптың жақын серігі республикашыл сенатор Линдси Грэм айтты. Ол 72 сенатордың қолдауына ие екенін мәлімдеді.
Заң жобасы тек Ресейге қарсы санкцияларды қолдануды қарастырмайды. Ресейден мұнай, мұнай өнімдерін, табиғи газ немесе уран сатып алатын елдерден әкелінетін өнімдерге де 500 пайыздық баж салығы енгізілуі мүмкін. Сонымен қатар АҚШ азаматтарына Ресейдің мемлекеттік облигацияларын сатып алуға тыйым салынады.
Грэмнің айтуынша, Ресей президенті «Трамптан асып түсуге тырысса, үлкен қателік жасаған болар еді. Бұл заң жобасы президенттің арсеналындағы құрал болып табылады. Егер Трамп келіссөздердің тығырыққа тірелгеніне сенімді болса, онда әрекет басталады».
Оның пікірінше, Путин таңдау алдында тұр: не Трамппен келіссөз үстеліне отыру, не «Ресей экономикасының жойылуымен» бетпе-бет келу.
Трамп бұған дейін Путинді ұрысты тоқтату үшін қадамдар жасамағаны үшін бірнеше рет сынап, оған «банктік және қосымша санкциялар» арқылы қысымды күшейтуге дайын екенін білдірген.
Еске сала кетейік, АҚШ Украина келіссөзінен шығуы мүмкін.