АҚШ сарапшысы: Астанадағы үйлердің дизайнына мамандарды тарту керек
АСТАНА. ҚазАқпарат – АҚШ-тан келген мейман, Steppe Global Education білім беру орталығының басшысы Джоэл Эриксон бауырлас қалалар форумында Астанаға қатысты пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның пайымынша, елордадағы үйлер бір-біріне ұқсатып салынған. Бұл ретте тұрғын үй кешендерінің дизайнына мамандарды тарту керек деп есептейді.
«Осындағы пәтерлер де бірдей көрінді. Туристер үшін бұл көрініс аздап қызықсыз болады. Шынын айтсам, АҚШ-та да осындай мәселе бар. Бізде де жаңа үйлер тапсырылып жатыр және олар өзара ұқсас. Бұл тұрғыда өзгеше көзқарас керек, яғни дизайн саласында мамандарды жұмылдырған жөн болар», - деді Джоэл Эриксон.
Сонымен қатар ол Астанада дәмханалар көп екенін, ағаш отырғызылған аудандар көбейгенін айтты.
«Мен білім беру саласында жұмыс істеп жүрмін. Сондықтан Қазақстан астанасындағы университет қалашықтарын аралап шықпақпын», - деді мейман.
Сондай-ақ Джоэл Эриксон Қазақстанда «Яндекстің» өз платформасын дамыту туралы ойымен бөлісті.
Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған Астананың бауырлас қалалары форумына қатысты. Іс-шараға АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Израиль, Түркия, Польша, Үндістан Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Жапония, Әзербайжан, Оңтүстік Корея елдерінен мамандар келді.