АҚШ сенаты миллиардерлерге салық төлеуден жалтаруына мүмкіндік беретін тетікті жояды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Демократиялық партиясының сенаторы Рон Уайден технология саласындағы миллиардерлер мұрагерлеріне активтерін салық төлемей беруге мүмкіндік беретін заңнамалық олқылықты жоюға уәде берді. Бұл туралы ол Financial Times басылымына берген сұхбатында мәлімдеді. Бұл жөнінде Report агенттігі хабарлады.
Әңгіме Grantor Retained Annuity Trust (GRAT) деп аталатын қаржылық тетік туралы болып отыр. Ол ауқатты америкалықтарға технологиялық компаниялардың құны жылдам өсіп жатқан акциялары сияқты активтерді мұрагерлеріне сыйға тарту және мұраға қалдыру кезінде 40 пайыздық салықты төлемеуге мүмкіндік береді. Бұл салық әдетте құны 15 миллион доллардан асатын активтерге қатысты қолданылады.
GRAT тетігі 1990 жылы салық заңнамасындағы басқа бір олқылықты жою мақсатында енгізілген.
Financial Times жүргізген талдау нәтижесінде SpaceX компаниясының негізін қалаушы Илон Маск, Nvidia басшысы Дженсен Хуанг, AMD жетекшісі Лиза Су және Microsoft компаниясының бас директоры Сатья Наделла осындай трасттарға жалпы құны 20 миллиард доллар болатын акцияларын орналастырғаны анықталған.
Қаңтар айында АҚШ Сенатының Қаржы комитетін басқаруы күтілетін Рон Уайден бұл жағдайды «аса бай адамдардың салықтың әділ үлесін төлеуден жалтаруының тағы бір мысалы» деп бағалады.
— Бұл трасттар арқылы не болып жатыр? Аса бай адамдар қағаз жүзінде қомақты қаржыны бір жерден екінші жерге ауыстырады да, сол қаражат үшін төлеуге тиіс салықтары әп-сәтте жоқ болып кетеді, — деді сенатор.
Қарашадағы сайлау қорытындысы бойынша Демократиялық партия Конгрестің қос палатасында да басымдыққа ие болды. Уайден Сенаттағы 56-ға 44 дауыстық арақатынасты пайдаланып, заң жобасын ілгерілетуді көздеп отыр. Бұл бастаманың авторларының бірі — Мэн штатынан сайланған тәуелсіз сенатор Энгус Кинг.
Алайда салық салуға қатысты кез келген заңнамалық бастамаға АҚШ президенті вето қоя алады. Президент ветосын еңсеру үшін Конгресте депутаттар мен сенаторлардың кемінде үштен екісінің қолдауы қажет.
Еске сала кетейік, АҚШ экономикасы үшінші тоқсанда 4,3 пайыз өсті.