АҚШ Сенаты Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастың маңызын мойындады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың 119-шы Конгресінің екінші сессиясы барысында Сенат Орталық Азия елдері тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған және Құрама Штаттардың Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанмен қарым-қатынасының маңызын мойындайтын №816 қарарын қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы тілшісі АҚШ Конгресіне сілтеме жасап.
Қарарды сенаторлар Стив Дэйнс (республикашыл), Гэри Питерс (демократ), Джон Кёртис (республикашыл), Дэвид Маккормик (республикашыл), Кристофер Мёрфи (демократ) және Джеки Розен (демократ) қолдады.
АҚШ Сенатының 816-шы қарары:
1. Орталық Азия елдерін тәуелсіздіктерінің 35 жылдығымен құттықтауға.
2. Америка Құрама Штаттарының Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанмен қарым-қатынасының стратегиялық маңызын растауға.
3. Барлық мемлекеттің сыртқы мәжбүрлеусіз өздерінің сыртқы саясатын, қауіпсіздік шараларын және экономикалық одақтарын анықтауға деген қол сұғуға болмайтын құқығын толық қолдауға.
4. Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігі, егемендігі және аумақтық тұтастығы Еуразиядағы бейбітшіліктің, қауіпсіздіктің және күштер тепе-теңдігінің негізі болып табылатынын растауға қаулы етеді.
Қарарда Америка Құрама Штаттарының Орталық Азияның бес елімен қарым-қатынасы екіжақты және C5+1 сияқты форумдарда тұрақты дамып келе жатқаны атап көрсетілген.
Аталған елдер терроризм, заңсыз айналым және аймақтық тұрақсыздық сияқты трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы тұруда маңызды серіктестер болып саналады.
Сонымен қатар Орталық Азия мен Кавказ Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды геосаяси көпір қызметін атқарады, маңызды жаһандық сауданы, энергетикалық қауіпсіздікті және Орта дәліз сияқты дәліздер арқылы цифрлық байланысты жеңілдетеді.
Сенат Орталық Азия елдерінде жүргізіліп жатқан мемлекеттік басқару реформалары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар және экономикалық жаңғырту олардың ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен институционалдық тәуелсіздігін нығайтатынын ескереді.
Құжатта АҚШ Орталық Азия нарығына кіруді, жеке инвестицияларды және жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін жақсарту үшін өңір елдеріндегі тұрақты, тәуелсіз экономикалық экожүйелерді дамытуға ұмтылатыны айтылады.
Сонымен қатар Құрама Штаттар мен Орталық Азия халқы арасындағы білім беру, мәдени және кәсіби байланыстарды тереңдету өзара түсіністік пен ортақ өркендеуге оң ықпал етеді.
Еске сала кетейік, АҚШ сарапшылары Қазақстандағы конституциялық реформа азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтетінін айтқан болатын.