АҚШ сенаторы ХАМАС пен Хезболланың қайта қаруланып жатқанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Саясаткердің мәлімдемесі Таяу Шығыстағы атысты тоқтату туралы келісімдердің екінші кезеңіне көшуге делдалдардың күш-жігері фонында айтылды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Американский сенатор заявил о перевооружении ХАМАС и «Хезболлы»
Фото: x.com / @IsraeliPM

Жексенбі күні Израильге сапар шеккен АҚШ сенаторы Линдси Грэм Палестина қозғалысы ХАМАС пен Ливан Хезболласы Газа секторында және Ливанмен шекарада атысты тоқтату туралы келісімдерге қарамастан, қарулануды қайта жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Сенатордың айтуынша, ХАМАС қаруланып қана қоймай, Газа секторын бақылауды күшейте отырып, әскери әлеуетін қалпына келтіріп жатыр.

— Менің ойымша, ХАМАС қарусызданбайды, олар керісінше қайта қаруланып жатыр. Сонымен қатар, олар билікті нығайтуға тырысып және Газада одан бас тарту ниеті жоқ, — деді Грэм Израиль премьер-министрінің кеңсесі жариялаған видеотүсініктемеде.

Ол сондай-ақ Ливанның Хезболласы да осындай бағытты ұстанып жатыр деген пікір білдірді.

— Менің ойымша, Хезболла да қарулануды арттыруға тырысып жатыр. Мұндай нәтижеге жол берілмейді, — деп атап өтті АҚШ сенаторы.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ сенаторының пікірімен келісіп, оны «Израильдің үлкен досы» деп атады.

Грэм ХАМАС қарулы күштерін сақтап қалса, Газадағы атысты тоқтату туралы келісімнің екінші кезеңін жүзеге асыруға қауіп төнетінін атап өтті. Ол қозғалысқа қарусыздану талаптарын орындау үшін нақты мерзім берілуі керек деді.

— Егер бұл орындалмаса, мен президент Дональд Трампқа Израильге ХАМАС-қа қарсы операцияны аяқтауға рұқсат беруді ұсынамын, — деді америкалық конгрессмен.

Оның сөзінше,қозғалысты қарудан айырмайынша, аймақта тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз ету мүмкін емес.

Ол сондай-ақ Ливан қозғалысы ауыр қаруын тастаудан бас тартқан жағдайда «Хезболлаға» қарсы әскери әрекеттерді қайта бастау мүмкіндігін қарастырып, АҚШ, Израиль және Ливанның үйлестірілген әрекеттеріне рұқсат етілгенін мәлімдеді.

Жоспар бойынша Израиль әскерлерін шығару, ХАМАС-тың орнына уақытша әкімшілік құру, халықаралық тұрақтандыру күштерін орналастыру және аумақты демилитаризациялау көзделген.

Сенатор Грэм сонымен қатар Түркияның тұрақтандыру миссиясына қатысуына қарсы Израильдің ұстанымын қолдап, мұндай шешімнің ел ішінде саяси қолдау таппайтынын мәлімдеді.

ХАМАС өз кезегінде Израильді тағы да атысты тоқтатуды бұзды деп айыптап, делдалдарды және Вашингтонды оларды тоқтату үшін араласуға шақырды.

Бірнеше күн бұрын Израиль Ливан аумағындағы «Хезболла» нысандарына соққы жасады.

Бұған дейін хабарланғандай, Газаның оңтүстігінде ХАМАС-қа қарсы күштердің көшбасшысы Ясир Абу Шабаб қаза болды.

Соңғы жаңалықтар