АҚШ сенаторы Қазақстанмен сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту туралы айтты
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың мемлекеттік хатшы лауазымына үміткер Марко Рубио сәрсенбіде Сенаттың Сыртқы істер комитетінің мүшелері арасында Трамптың жаңа әкімшілігіне екі партиядан қолдау тапты. Бұл туралы Кazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.

Конгрестегі тыңдауда кандидатураны бекіту барысында Марко Рубиоға халықаралық күн тәртібі (НАТО, Қытай, Ресей тағы басқа) бойынша бірқатар сұрақ қойылды, оның арасында Джексон-Вэник түзетуін жою және Қазақстанға «тұрақты қалыпты сауда қатынастары» (PNTR) бар ел мәртебесін беру мәселесі қозғалды. Атап айтқанда, сенатор Стив Дэйнс Орталық Азия елдері көпвекторлы дипломатияны қолданады және Америка Құрама Штаттарымен өзара әрекеттесуді қалайды деп хабарлады.
– Сайлаудан кейін 13 жыл бойы бірде-бір америкалық сенатор бармаған Орталық Азияға сапар шектім. Сенатор Гэри Питерс екеуміздің алғашқы мақсатымыздың бірі – аймақтағы Джексон-Вэник түзетулерін жойып, Қазақстан және Өзбекстанмен тұрақты қалыпты сауда қатынастарын кеңейту, - деді Стив Дэйнс.
Сонымен қатар сенатор Марко Рубиодан «Сіз менімен және сенатор Гэри Питерспен осы ереженің күшін жою үшін командаңызбен бірлесіп жұмыс істеуге келісесіз бе?», - деп сұрады.
Оған Марко Рубио былайша жауап қатты:
– Иә, меніңше, түпкілікті жою үшін заңнамалық шаралар қажет. Бұл – өткен дәуірдің қалдығы. Олар шарттарды орындады, сондықтан біз сізбен бірлесіп жұмыс істейміз, - деп жауап берді Марко.
Аймақты талқылауды аяқтаған Стив Дэйнс:
– Бізге Орталық Азияда көп дос керек. Сіздермен жұмыс істеуді асыға күтемін, - деп толықтырды.
Өз кезегінде Марко Рубио Америка Құрама Штаттарының сыртқы саясатын президент айқындайтынын айтты.
– Ал менің міндетім — бұл туралы кеңес беру және оны орындау. Менің ойымша, президент айқын айтты, оның саясаты Американы қауіпсіз, күшті ету әрі өркендету, - деді ол.
Флоридалық 53 жастағы республикашыл Марко Рубио – Американың бас дипломаты қызметін атқаратын алғашқы испаниялық азамат. Ол кубалық иммигранттардың ұлы және алғаш рет 2010 жылы сенатор болып сайланды. Ол мансабы барысында Қытай, Иран, Куба және Венесуэла мәселелері бойынша «сұңқар» лақап атына ие болды.
Айта кетсек, бірер күн бұрын АҚШ Конгресінде Гренландияны сатып алу туралы заң жобасы ұсынылды.