АҚШ Шығыс Еуропадағы 6000 сарбазын алмастырады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Қорғаныс министрлігі Шығыс Еуропадағы 6000-ға жуық америкалық сарбаздың жоспарлы ротациясы осы жазда өтетінін мәлімдеді. Бұл шешім Atlantic Resolve («Атлантикалық табандылық») операциясы аясында жүзеге асырылады, деп жазады DW.

Пентагон мәліметінше, Еуропадағы екі танк бригадасын ауыстыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, 1-ші жаяу әскер дивизиясының екі бригадасы Литва, Польша және өзге де өңірлерде қызмет етіп жатқан әріптестерін алмастырады. Жаңа құрамда шамамен 3500 әскери қызметкер бар.
Atlantic Resolve операциясы 2014 жылдан бері жалғасып келеді. АҚШ пен НАТО бұл бастама арқылы Шығыс Еуропадағы одақтастарын қолдап, тұрақтылықты қамтамасыз етуді көздейді.
Дегенмен, Дональд Трамптың Ақ үйге қайта оралуына байланысты, АҚШ-тың Еуропадағы әскери қатысуы қысқаруы мүмкін деген болжамдар жиі айтылуда. Бұған дейін АҚШ
Польшадағы маңызды әскери аэродромнан әскер шығаратынын хабарлаған еді. Алайда ресми Варшава Вашингтон әскерін сақтап қалуға ниетті екенін мәлімдеп отыр.
Қазір Еуропада 78 мыңға жуық америкалық сарбаз бар, оның 37 мыңы Германияда, 10 мыңы Польшада орналасқан.
Айта кетейік, бұған дейін Пентагон Сириядағы әскер cаны қысқартылатынын жариялағанын жаздық.