Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

АҚШ соты Ақ үй маңындағы бал залының құрылысын тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың апелляциялық соты Вашингтондағы Ақ үйдің бұзылған Шығыс қанатының орнына салынуы жоспарланған аумағы 8,36 мың шаршы метрлік бал залының құрылысын жалғастыруға салынған тыйымды күшінде қалдырды. Сот мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін Конгрестің мақұлдауы қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BBC.

АҚШ соты Ақ үй маңындағы бал залының құрылысын тоқтатты
Фото: yahoo.com

Апелляциялық алқаның үш судьясының екеуі бұл шешімді қолдады. Алайда тыйым тек жердің үстіндегі жұмыстарға қатысты. Жобаның жерасты бөлігінің құрылысы әзірге жалғаса береді. Онда бомбадан қорғанатын баспана және басқа да нысандар орналастырылмақ. 

Дау Дональд Трамп әкімшілігі Ақ үйдің Шығыс қанатын бұзып, Конгрестің алдын ала мақұлдауынсыз құрылыс жұмыстарын бастағаннан кейін туындады. Жобаға қарсы АҚШ-тың тарихи мұрасын сақтау жөніндегі ұлттық қоры сотқа шағым түсірді.

Бұған дейін федералдық сот жердің үстіндегі жұмыстарды жүргізуге тыйым салып, әкімшілікке жерасты құрылысын жалғастыруға рұқсат берген. Апелляциялық сот енді осы шешімді растады.

Болашақ бал залының аумағы шамамен 8 360 шаршы метр болады. АҚШ БАҚ-тарының мәліметінше, жобаның құны 400 миллион долларға дейін өскен. Бұл бастапқы есептен екі есе көп.

Трамп әкімшілігіне АҚШ Жоғарғы сотына жүгіну үшін екі апта уақыт берілді. АҚШ президенті бұл шешімге шағымдануға ниетті екенін мәлімдеді.

Ақ үй әкімшілігі сот тыйымы ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне әсер етеді деп санайды. Әділет министрлігі де жобаны жеке тұлғалар қаржыландырып отырғанын, сондықтан соттар оның жүзеге асуына араласпауы тиіс екенін алға тартады.

Әкімшілік өкілдері Шығыс қанатты жаңғыртудың қажеттілігін де атап өтті. Олардың айтуынша, бұрынғы құрылым президент пен Ақ үй қызметкерлерін ықтимал шабуылдардан жеткілікті деңгейде қорғамаған.

Бұған дейін АҚШ Сенаты Трамптың Ақ үйдегі бал залына қаржы бөлу туралы заң жобасын қабылдамады.