АҚШ соты Қазақстанды қоса алғанда, 75 елге виза беруді тоқтату шешімін жойды
АСТАНА. KAZINFORM — Сот бұл шешім АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың заңда белгіленген өкілеттіктерінен асып кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Вашингтондағы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі US News басылымына сілтеме жасап.
АҚШ соты Трамп әкімшілігінің 75 ел азаматтарына иммиграциялық виза беруді уақытша тоқтату туралы шешімінің күшін жойды. Манхэттендегі АҚШ округтік сотының судьясы Джаннет Варгас Мемлекеттік департамент қаңтарда жариялаған бұл саясатты «заңсыз екені анық» деп бағалады. Оның айтуынша, бұл шешім консулдық қызметкерлердің иммиграциялық визаларды рәсімдеу тәртібін анықтау құқығын Мемлекеттік хатшыға бермейтін федералдық иммиграциялық заңнамаға қайшы келеді.
Мемлекеттік департаменттің өтініштерді қарауды тоқтату туралы шешімі қаңтарда күшіне енген болатын. Ол мына елдердің азаматтарына қатысты болды:
Ауғанстан, Албания, Алжир, Антигуа және Барбуда, Армения, Әзербайжан, Багам аралдары, Бангладеш, Барбадос, Беларусь, Белиз, Бутан, Босния және Герцеговина, Бразилия, Мьянма (Бирма), Камбоджа, Камерун, Кабо-Верде, Колумбия, Кот-д’Ивуар, Куба, Конго Демократиялық Республикасы, Доминика, Мысыр, Эритрея, Эфиопия, Фиджи, Гамбия, Грузия, Гана, Гренада, Гватемала, Гвинея, Гаити, Ирак, Иран, Иордания, Косово, Кувейт, Қазақстан, Қырғызстан, Лаос, Ливан, Либерия, Ливия, Молдова, Моңғолия, Марокко, Непал, Никарагуа, Нигерия, Солтүстік Македония, Пәкістан, Конго Республикасы, Ресей, Руанда, Сент-Китс және Невис, Сент-Люсия, Сент-Винсент және Гренадиндер, Сенегал, Сьерра-Леоне, Сомали, Оңтүстік Судан, Судан, Сирия, Танзания, Таиланд, Того, Тунис, Уганда, Уругвай, Өзбекстан, Йемен, Ямайка және Черногория.
Қаңтарда АҚШ Мемлекеттік департаменті өтініш берушілерді іріктеу және тексеру рәсімдеріне жан-жақты шолу жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Ведомствоның айтуынша, мұндағы мақсат — тәуекелі жоғары елдерден келген иммигранттардың АҚШ-та әлеуметтік жәрдемақыларды заңсыз алуына жол бермеу және олардың қоғамға салмақ түсірмеуін қамтамасыз ету.
Бұған дейін АҚШ Жоғарғы соты Трамптың жазушы Э. Джин Кэрроллға төленетін өтемақының күшін жою туралы өтінішін қанағаттандырмағаны хабарланған болатын.