АҚШ-та 100 жастағы жүргізуші бір топ баланы қағып кетті
АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат - Американдық Лос-Анджелес қаласында мектеп жанында жол-көлік апаты болып, тоғыз бала және екі ересек адам әртүрлі жарақат алды, деп хабарлады ресейлік «Государственные вести» сайты.
Американдық БАҚ-тың хабарлауынша, соқпақжолдағы адамдарды 100 жастағы жүргізуші афроамерикандық Престон Картер өзінің «Кадиллак» автомашинасымен қағып кеткен. Оқиға балалар мектеп ғимаратынан сабақтан кейін шығып келе жатқанда болған.
100 жастағы жүргізуші оқиға орнына жеткен полицейлерге машинасының тежегіші істен шығуына байланысты рульді басқара алмай қалғанын түсіндірді. Тәртіп бұзған жүргізушінің жақында 101 жасқа толатыны, егде тартқанына қарамастан жүргізуші куәлігі бар екені анықталды.
Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккен балалардың төртеуінің жағдайы ауыр.