АҚШ-та 136 жолаушысы бар ұшақ апатты жағдайда өзенге қонды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бортында 136 жолаушысы бар коммерциялық Boeing 737 ұшағы Сент-Джонс өзеніне апатты жағдайда қонды, - деп хабарлайды «ҚазАқпарат» Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Жергілікті БАҚ мәліметтері бойынша, борттағы екі адам жарақат алды, дегенмен қаза тапқандар жоқ. Boeing 737 әуе кемесі Гуантанамо Әскери-теңіз базасынан ұшып келген. Ұшақ қатты найзағай кезінде қонуға бағыт алып, қону жолағынан асып кетіп, өзенге құлаған. Джексонвилл қаласының мэрі Ленни Карри борттағы адамдардың барлығы тірі екенін және ұшақтың керосині суға төгілмес үшін тиісті шаралар қолданатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп қоңырау шалып, көмек ұсынған.
Борт «Miami Air International» жеке әуе желісіне тиесілі. Boeing өкілі компания бұл оқиғадан хабардар екенін және себебін анықтау үшін толық ақпарат жинайтынын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 10 наурыз күні таңертең бортында 157 адамы бар «Ethiopian Airlines» авиакомпаниясының Boeing 737 MAX 8 ұшағы Эфиопияның Дэбрэ-Зэйт қаласына жақын жерде апатқа ұшыраған еді. Бұл осы модельді ұшақтардың бес ай ішіндегі екінші рет апатқа ұшырауы. Сондай-ақ, 2018 жылдың 29 қазанында Индонезиялық Lion Air авиакомпаниясының дәл осындай лайнері апатқа ұшыраған еді.