АҚШ-та 225 мың долларға қала сатылуда
АСТАНА. 16 қараша. ҚазАқпарат - АҚШ-та Сенека елес-қаласы сатылады. Калифорния штатында орналасқан қаланың құны бар болғаны 225 мың долларға бағаланады, деп хабарлайды РБК.
Калифорнияның Сенека қалашығы 10 акр ауданды алып жатыр. Ол Тахо қаласынан солтүстік-батысқа қарай 160 шақырым қашықтықта орналасқан. Сенека қаласының негізін 1851 жылы қытай шахтерлері қалаған. Кейін американдықтар мұнда өнеркәсіптік ауқымда алтын өндіре бастады. Алтын кен орны таусылғаннан кейін тұрғындар елді мекеннен бірте-бірте кете бастады. Сенека елес-қалаға айнала бастады.
Бүгінгі күні бұл қала - бірнеше құрылысы бар жер телімі. Оның барлығы бір жеке тұлғаға тиесілі. Ол да болса осы меншіктен айырылғысы келеді екен. Елес-қала 225 мың долларға сатылады. Қаланы сатып алатын жаңа иесіне жылжымайтын мүлікке 700 доллар көлемінде салық төлеуге, сондай-ақ, жыл сайын шамамен 400 долларды құрайтын ішімдікті сатуға лицензиялық алым төлеуге тура келеді. Айналада алкоголь сататын басқа мекемелер болмағандықтан, бұл үлкен бизнес көзі болуы мүмкін. Бірақ, ең бастысы - қалашықты сатып алушы осы жер телімінде болуы ықтимал алтынды өз қалағанынша қолдана алады.