АҚШ-та 5 890 тонна қардан биіктігі 37,21 метрлік алып аққала жасалған

АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - Деректерге сенсек, Аққала жасау XV ғасырдан, нақтырақ айтсақ, 1493 жылдан бастау алған деседі.

АҚШ-та 5 890 тонна қардан биіктігі 37,21 метрлік алып аққала жасалған

 Дәл осы жылы ита­льяндық мүсінші, сәулетші Мике­ланд­жело Буонарроти қардан әр алуан мүсін жасаған екен. Алғашында қардан мақұлықтардың мүсіні жасалса, кейін келе әр аулада жағымды кейіпкерлердің мүсіндері бой көтерген. Адамдар құдайдан тілек тілеп, солар арқылы жын-перілерді үркітеміз деп сеніп, Аққалалар әр үйдің шарбағында тұрғызыла бастаған. XIX ғасырдан бастап, қардан сомдалған мүсіндер жаңа жылдық атрибут болып қалыптасты, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.

Ал қазақта Аққала сөзі екі мағынада айтылады. Біріншісі - қардан жасалынатын адам бейнесі. Әдеттегі қарды ойып, басына - шелек - танауына сәбіз шаншып орнатып қоятын балалар ойыны. Екіншісі - ықтасын. «Аққаланың әуелгі мағынасы да осыдан пайда болған» деседі. Өйткені солтүстік өңірдің қазақтарында қалың жауған қарды үю арқылы үйдің айналасына ықтасын орнату осы күнде де сақталған. Ескі түркі тілінде қала атауы қорған мағынасында айтылатынын ескі жазбалардан кездестіруге болады. Сондай-ақ мұндай жазбалар қа­зақ­тарда да кездеседі. Мәселен, Ер Тарғын жы­рында «Қырым деген қаланың жел жағына қаласың, ық жағына панасың» деген жолдар бар. Сонымен қатар еліміздің шығыс өңірінде күзде талдан мал қамайтын шарбақ тоқып қояды. Және оны аққала деп атайды

Жалпы, бүгінгі күні Аққала жасау - ба­ла­лардың қыс мезгіліндегі сүйікті ойыны бо­лып табылады. Алайда соңғы жылдары бұл ойынға ересектер де шындап кіріскен сы­ңайлы. Өйткені бүгінгі таңда елдер ара­сын­да Аққала жасаудан бәсеке бар. Мы­салы, Еуропаның Австрия елінде 16,7 метр қар мүсін жасалған болса, АҚШ-тың Бетел қа­ласында 37,21 метрлік «Олимпия» деп ата­латын алып аққала жасалған. «Олим­пия­ны» тұрғызуға 5 890 тонна қар жұм­са­лып­ты.