АҚШ-та Ақ үй маңында атыс болып, бір адам жараланды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Құпия қызметі Вашингтон қаласының орталығында атыс болғанын хабарлады. Құқық қорғау органдары бір адамды жаралаған, оның жағдайы белгісіз, деп хабарлайды DW басылымы.

Ақүй АҚШ
Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

Мемлекет басшыларын қорғаумен айналысатын АҚШ Құпия қызметі Вашингтонның орталығында 15-көше мен Тәуелсіздік даңғылы қиылысында атыс болғанын мәлімдеді.

– Құқық қорғау органдарының қызметкерлері бір адамды жаралады, оның қазіргі жағдайы белгісіз, – делінген қызметтің X әлеуметтік желісіндегі хабарламасында. Оқиға орнына жедел қызметтер келді.

Оқиға Ақ үй мен Капитолийге жақын орналасқан Вашингтон монументі маңында болған. Ақ үйдің баспасөз қызметінің хабарламаларына қарағанда, осы уақытта АҚШ президенті резиденциясында шағын бизнес мәселелері бойынша кеңес өткізіп жатқан. Аталған қиылыстан Ақ үйге дейінгі арақашықтық шамамен 1 км.

Трамп атысқа қарамастан сөзін жалғастырды

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Ақ үй уақытша жабылған. Құпия қызмет көшеде жүрген журналистерді брифинг залына кіргізген. Дональд Трамп өз баяндамасын үзіліссіз жалғастырған.

Колумбия округінің өрт сөндіру және жедел жәрдем департаменті дәрігерлердің ересек ер адамды ауруханаға жеткізгенін, сондай-ақ жеңіл жарақат алған жасөспірімге көмек көрсеткенін хабарлады.

Колумбия округінің полиция департаменті полицияның оқиға орнында екенін мәлімдеді.

– Оқиға орны қоршауға алынды. Бұл ауданнан әрірек кетіңіздер, өйткені жолдар бірнеше сағатқа жабылады, – делінген полицияның X әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесінде.

Еске сала кетейік, 25 сәуірде Дональд Трамп АҚШ-тың өзге де жоғары лауазымды өкілдерімен бірге Ақ үй тілшілерінің жыл сайынғы кешкі асынан атыс туралы хабардан кейін эвакуацияланды. Президенттің сөзін күтіп отырған жүздеген журналист, танымал тұлғалар мен мемлекеттік қайраткерлер отырған банкет залы дереу босатылған.

Ал Трампқа оқ атқан күдіктіге қастандық жасамақ болды деген айып тағылды.