АҚШ-та алғаш рет адамның көзінен Эбола вирусы анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Джорджия штатының Атланта қаласындағы Эмори университетінің ғалымдары адамның көзінің ішіндегі сұйықтықтан Эбола вирусын анықтады, деп жазады БЕЛТА.
Олардың айтуынша, Сьерра-Леонеде ДДСҰ желісі бойынша Эболамен күресуге жәрдемдескен американдық дәрігер Ян Крозьеден аталмыш дерт 2014 жылдың қыркүйегінде анықталған. Эмори университетінің мамандары оны емдеп жазған, алайда, екі айдан соң дәрігер бір көзінің қабынып ауырғанына шағымданған. Аталмыш университетте жүргізілген зерттеулер нәтижесінде оның көз ішіндегі сұйықтығында Эбола вирусының бар екені анықталды.
Медиктердің айтуынша, Крозьеден басқа адамдар ауруды жұқтыруы мүмкін емес, өйткені, оның көз жасы мен ұлпаларында вирус жоқ. Ол қазір емделіп, ауруынан айығып келеді.
Жалпы, эпидемия басталғалы Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонеде 11 005 адам қаза тапты, 26 593 адам аталған вирусты жұқтырды. Дерт Мали, Нигерия, Сенегал, Испания, Ұлыбритания және АҚШ-та да тіркелген.