АҚШ-та алып тасбақаның кесірінен екі үй өртенді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Техастың Сан-Антонио қаласында салмағы 68 келі болатын Битс есімді 15 жасар тасбақа екі үйді өртеді. Алып жануар тор жанындағы шамды жерге құлатып алған. Салдарынан бүкіл үй өртке оранды және жалын шарпыны көрші үйге де жеткен. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды Fox News.
Битстың қожайындары өртті дер кезінде байқап, өрт сөндірушілерді шақырды, дегенмен көрші үй де өртеніп үлгерді. Тасбақа қағып кеткен шам төсекке түсіп, лезде от тұтанған. Салдарынан үйдің іші күлге айналды.
Көршілер тасбақа себепші болған өрт салдарынан 150 мың доллар шығынға батқанын айтуда. Әзірге полиция мен сарапшылар абайсызда құлаған шамнан қалайша мұндай алапат өрт болғанын анықтап жатыр.
68 келі тартатын оқиға себепкерінің сауыты күйген. Битстың қожайыны барлық шығынды сақтандыру компаниясы төлеуі тиіс деп отыр.