АҚШ-та әскери қызметшілердің өліміне COVID-19 вакцинасының ықтимал әсері тексеріліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ Денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі, әскери дәрігер Тереза Лонг 2021-2022 жылдары америкалық әскери қызметшілер арасында болған өлім жағдайлары мен COVID-19 вакцинасы арасында байланыс болуы мүмкін екенін зерттеп жатыр, деп хабарлайды ТАСС.
Politico мәліметінше, Лонг бұл туралы АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі кезінде әскери қызметшілерді вакцинациялау мәселесіне жауапты болған Орталық барлау басқармасының жоғары лауазымды қызметкерін қызметтен босатуға қатысты сот процесі барысында мәлімдеген.
Хабарланғандай, Лонг АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет және Денсаулық сақтау министрі Роберт Кеннеди кішімен бірге әскери қызметшілерді міндетті вакцинациялау талабы қолданыста болған кезеңде вакцина салдыру мен әскери қызметшілер арасындағы өлім-жітім арасында ықтимал байланыс бар-жоғын тексеріп жатыр.
Лонгтың айтуынша, ол COVID-19 вакцинасы салынғаннан кейін болған 28 өлім жағдайы туралы біледі.
Politico сондай-ақ 2024 жылғы зерттеудің деректерін келтіреді. Оған сәйкес, Pfizer және Moderna вакциналарын алғаннан кейін бірнеше жүз адамнан жүрек бұлшықетінің қабынуы анықталған. Сонымен қатар Пентагонның 2026 жылғы есебінде әскери қызметшілер арасында вакцинациядан кейін жүрек аурулары жағдайының артқаны айтылған. Алайда есепте өлім жағдайлары көрсетілмеген.
Бұдан бөлек, Лонг АҚШ Денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету министрлігінің вакциналардың жанама әсерлері туралы есеп беру жүйесінде тіркелген, расталмаған 2 544 әскери қызметшінің өлім жағдайын тексермек. Оның мақсаты бұл өлімдердің COVID-19 вакцинациясымен байланысты болуы мүмкін бе екенін анықтау.
Оның айтуынша, зерттеу шамамен бір жылға созылуы мүмкін.
Осыған дейін Moderna әзірлеген вакцина кейбір қатерлі ісіктерді емдеу тәсілін өзгертуі мүмкін екені туралы жаздық.