АҚШ-та атыс болып, тоғыз адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Эри қаласында болған атыс салдарынан тоғыз адам, оның ішінде екі бала қаза тапты, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.
Оқиға 9 қазан, жұма күні кешке болған. Америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, полицияға Перри көшесінде қарулы ер адамның жүргені туралы хабар түскен.
Куәгерлер ер адамның оқ атқаннан кейін үйлердің біріне кіріп кеткенін айтқан.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері көшеден екі әйелдің мәйітін тапқан. Кейін үйді тексеру барысында тағы бірнеше адамның денесі анықталған.
Erie News Now басылымының хабарлауынша, атыс салдарынан барлығы тоғыз адам қаза тапқан. Олардың арасында екі бала бар.
Полиция күдіктінің де оқиға орнында өлі табылғанын мәлімдеді. Алдын ала болжам бойынша, ол өзіне оқ атып, көз жұмған болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен қылмыстың себептері анықталып жатыр.
Айта кетейік, биыл сәуір айында АҚШ-тың Луизиана штатындағы Шривпорт қаласында болған атыс кезінде сегіз бала қаза тапқан еді. Күдікті полициямен болған атыс кезінде көз жұмған.