АҚШ-та Айдахода өткен әуе шоуы кезінде екі ұшақ соқтығысты
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Айдахо штатындағы Маунтин-Хоум әскери әуе базасында жексенбі күні өткен әуе шоуы кезінде екі ұшақ әуеде соқтығысты, деп хабарлайды Xinhua агенттігі.
Оқиға Gunfighter Skies әуе шоуы барысында болған, деп жазады Idaho Statesman база өкілі Антуан Хэнкске сілтеме жасап.
Куәгерлер түсірген видеода соқтығысқаннан кейін екі ұшақтың да әуеде айналып, кейін жерге құлап, соққыдан жарылғаны көрінеді. Апат орнының үстінде төрт парашют ашылып, аспанға қара түтін көтерілген.
Әуе шоуының жүргізушісі көрермендерге экипаж мүшелері сәтті катапульталғанын және олардың парашюттері штаттық режимде ашылғанын хабарлады.
Associated Press мәліметінше, соқтығысқан ұшақтар АҚШ Әскери-теңіз күштеріне тиесілі болған. Тынық мұхиты флоты теңіз авиациясы қолбасшылығының ресми өкілі, коммандер Амелия Умаям экипаждың барлық төрт мүшесі штаттық режимде катапульталғанын, жерде зардап шеккендер жоқ екенін айтты. Ұшқыштардың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.
Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Джефф Гуццетти әуеде соқтығыс кезінде экипаждың барлық мүшесінің аман катапульталуы өте сирек жағдай екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұған ұшақтардың бір-біріне ілініп қалып, бірден құламағаны себеп болған.
– Мұның себебі техникалық ақаудан гөрі пилоттық қателікке көбірек ұқсайды, – деді ол.
Әуе шоуы тоқтатылып, қалған бөлігі өткізілмеді. Оқиғаны АҚШ Әскери-теңіз күштері тергеп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Бразилияда жеңіл моторлы ұшақ тұрғын үйге соғылып үш адам қаза тапқанын жаздық.