АҚШ-та Binance ірі криптобиржасының негізін қалаушы сотталды

АҚШ
Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Дәулеті 33 млрд долларға бағаланған әлемдегі ең бай адамдардың бірі Чанпэн Чжао сотталды. АҚШ соты оны төрт айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұл туралы DW ақпарат агенттігі жазды. 

Әлемдегі ең ірі Binance криптовалюта биржасының негізін қалаушы, 47 жастағы қаржы магнаты АҚШ-тың ақшаның ізін жасыру қарсы заңын бұзғаны үшін кінәлі деп танылды.

Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, Binance басшылығы терроризмді, балалар порнографиясын және басқа да заңсыз әрекеттерді қаржыландыруға қатысты транзакциялардан хабардар болған, бірақ платформа бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарламаған. Чжао кінәсін мойындап, Binance басшысы қызметінен кетті. 

Төрт ай түрмеде отырғанынан бөлек Чжао 50 мың доллар айыппұл төлеуі тиіс. 

Чжао – әлемдегі ең бай адамдардың бірі. Оның байлығы 33 млрд долларды құрайды. Ол Forbes журналының кейінгі жыл сайынғы миллиардерлер тізімінде 50-орында тұр.

Наурызда АҚШ соты банкротқа ұшыраған FTX криптобиржасының негізін қалаушы Сэм Бэнкман-Фридті 25 жылға бас бостандығынан айырды. Банкроттыққа дейін бұл биржа Binance криптовалюта биржасының негізгі бәсекелестерінің бірі болған еді. Бэнкман-Фрид клиенттердің ақшасын ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды. 

Соңғы жаңалықтар