20:20, 19 Қыркүйек 2011 | GMT +5
АҚШ-та бір тәулік ішінде екі әуе апаты болды
АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - АҚШ-та Невададағы авиашоу кезіндегі қайғылы оқиғадан бір тәулік өтпей тағы бір әуе апаты орын алды. Бұл жолы Батыс Вергиниядағы әуе көріністері кезінде T-28 Trojan ұшағы жерге құлап, жарылды, деп хабарлайды Euronews.

Ұшқыш қаза болды, жерде зардап шеккендер жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жұмада Невадада тоғыз адам қайғылы жайттың құрбанына айналды. Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған «Мустанг» жойғыш ұшағы дәл көрермендер отырған жерге құлап, ұшқышты қоса есептегенде жеті адам оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі адам ауруханада қаза болды.
Қазір апат орнында сарапшылар зерттеу жүргізуде. Олар осы сәтті түсірген бейнематериалдарды жинастырып, зерттеп, ұшқыштың жермен хабарласқан сөздерін тексеріп жатыр.
Апаттан жарақат алған тағы он адамның халі мүшкіл. Дәрігерлер олардың өмірі үшін күресіп бағуда.