АҚШ-та бірнеше жалған медициналық мекеме ашуға көмектесті деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталды - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 7 маусым, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

АҚШ-та бірнеше жалған медициналық мекеме ашуға көмектесті деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталды - республикалық басылымдарға шолу

***

«Шанхай ынты­мақ­тастығы ұйымына мүше елдер Мемлекет басшыларының кеңесіне қатысу үшін келген Қазақстан Президентін Қытай басшылығы үлкен құрметпен қарсы алып, екіжақты кездесулерге ресми реңк берді. Алдымен Елбасын ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао қабылдады. Ол кездесу Халықтар жиналысы үйінің ғимаратын­да өтті», - деп жазады „Егемен Қазақстан" газеті бейсенбілік санындағы „Тату көршіліктен табысты әріптестікке" деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, екіжақты келіссөздердің қорытын­ды­сы бойынша бірқатар маңызды құ­жат­тарға қол қойылды: Олар - Қазақ­стан Рес­публикасы мен Қытай Халық Респуб­ли­касының стратегиялық серік­тес­­тігін одан әрі дамыту туралы Бір­лес­кен декларация және Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкі­меті мен Қытай Халық Респуб­ли­ка­сының Үкіметі арасындағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункт­тері және олардың жұмыс режімі туралы келісім.

„Егемен Қазақстан" газетінің жазуынша, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі кезекті жалпы отырысы «Арқан­кер­ген» бекетінде қаза тапқан шекарашыларды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Артынан Үкі­мет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жө­ніндегі есеп комитетінің 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалды. „Қаржы игермеудің басты себептері ретінде бюджет әкім­ші­лерінің тиімсіз басқаруы, мем­лекеттік сатып алу тәр­тібінің бұ­зылуы, жоспарлаудың дұрыс ұй­ымдастырылмауы сияқ­ты орын­­сыздықтар айтылды. Бұл жө­нін­де Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев жан-жақты мәлім­деп кетті. Оның айтуынша, Үкі­мет республикалық бюджетті әзір­леген кезде оның шығыс және кіріс бөліктерін төмендетіп көр­сет­кен", - деп жазады басылым. 

***

Таяу жылдары жаһандық ақпаратттық коммуникациялық жүйелер әлемдік экономикалық инфрақұрылымның маңызды бөлігіне айналмақ. Осыған байланысты Қазақстан үшін электронды сауданы дамыту басым бағыттардың бірі болады. Бұл бір жағынан ішкі сауданың ілгерілеуіне қозғау салушы күш болса, екінші жағынан әлемдік экономикалық үдерістерге белсене қатысуға мүмкіндік береді. Осы ретте „Айқын" газеті аталған саланың  алдағы уақыттағы даму турасында Сауда комитетінің төрағасы Айдар Қазыбаевты сұхбатқа тартқан. Екеуара әңгіме басылымның бүгінгі нөмірінде „Электронды сауда нарығы серпінді даму алдында тұр" деген тақырыппен берілген.  

„Алаш айнасы"
  газетінің тұрақты „Дат!" айдарында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының президенті, професор Ама Әбілқасымовамен арадағы сұхбат „Орта білім стандарттарын жетілдіру - ғылым мен заманауи технологияны дамытудың кепілі" деген тақырыппен басылды. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ғалым: „Жалпы, білім саласындағы жаңашыл бастамалар, мектеб бағдаралмасына енгізілетін өзгерістер ғылыми-әдіснамалық тұрғыда негізделіп, салиқалы сараптаудан өткізілгені жөн. Мектеб дәстүрлі білім жүйесімен сабақтастығын сақтап, ең бастысы, Мағжан Жұмабаев айтқандай, жанымызға, ұлттық болмысымызға қабысатындай, ел мүддесіне сәйкес келетіндей болуы керек", - дейді.

                                                                                           ***

«АҚШ-та бірнеше  жалған  медициналық мекеме ашуға көмектесті деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталды. Ақпарат дүйсенбі күні «St. Louis Today» сайтында жарияланды", - деп жазады „Нұр Астана" басылымы  „Қазақстандық азамат тергеліп жатыр" деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, 21 жастағы Камолиддин Акрамов АҚШ-қа 2010 жылы мамыр айында J-1 визасымен келген. Онымен бірге Тимур Қасенов есімді азамат еріп барған. Екі жігіт Иллинойс қаласына келіп, Чикаго штатының азаматтығын алыпты. Содан кейін жалған медициналық мекемелер ашу үшін Американы аралайды. Акрамов Америкаға бара сала Сент-Луис қаласы мен Сент-Луис графтігінде бір, Калифорния штатының Ван Найс қаласында, Теннеси штатының Нэшвилл қаласында екі жалған медициналық мекеме ашқан көрінеді. Тек өзі ғана айналыспай, бірге барған Қасеновті де заңсыз әрекетке итермелеген екен. Дегенмен, Қасеновке айып тағылғанымен, оны әлі тұтқындаған жоқ. Америкалық басылым жалған медициналық компания құру оқиғасы бірінші рет болып отырмағанын жазады.

***

«Қазақстанда егістік науқаны аяқталды», - деп жазады «Литер» басылымы. Сәуірдің басында диқаншылар дән себу кезіндегі мүмкінді қиыншылықтарды айтып, топырақ дымқылдығының төмендігіне алаңдаған болатын. Өтйкені осы қыста қар аз түсіп, топыраққа су аз сіңген болатын. Абырой болғанда көктемде жаңбыр мол түсіп, егістік науқаны сәтті өтті. Мақала «Всему свое время» деген тақырыппен берілген.