АҚШ-та білім алып жатқан қазақстандықтар саны өсті
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Халықаралық білім беру институты (IIE) 18 қарашада жариялаған баяндамасына қарағанда, 2023-2024 оқу жылында АҚШ-та жоғары білім алатын шетелдік студенттер саны 1 млн 126 мыңнан асып, 1948 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті, деп хабарлайды CNS ақпарат агенттігі.

Аталған есепке сәйкес, 2023-2024 оқу жылында АҚШ-та шетелдік студенттер саны 7%-ға артып, 1 126 690 адамды құрады. Бұл көрсеткіш елдегі университеттердегі жалпы студенттердің 5,9%-ын құрайды.
Студенттер саны бойынша бірінші орынды Үндістан иеленді, олардың саны шамамен 332 мыңға жетіп, 23,3%-ға өсті және жалпы шетелдік студенттердің 29,4%-ын құрайды. Бұл 2009 жылдан бері алғаш рет Үндістан студенттерінің саны Қытайдан асып отыр. Қытайдан келген студенттер саны шамамен 277 мыңды құрап, 4,2%-ға азайды. Үшінші орында 43 мың студентпен Оңтүстік Корея тұр, бұл көрсеткіш 1,6%-ға төмендеген.

АҚШ-та білім алып жатқан қазақстандық студенттердің саны 2 712-ге жетіп, 11.1%-ға артқан.
Мамандықтарға қатысты мәліметтерге сәйкес, шетелдік студенттердің 280 мыңға жуығы математика және компьютер саласында оқиды. Бұл – ең танымал мамандықтардың бірі. Инженерияны 210 мың студент, ал бизнес және басқару мамандықтарын 160 мың студент таңдаған.
Университеттер арасында Нью-Йорк университеті көш бастап тұр, онда 27 247 шетелдік студент оқиды. Одан кейін 21 023 студентпен Нортистерн университеті және 20 321 студентпен Колумбия университеті орналасқан.
АҚШ Сауда министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы халықаралық студенттер оқу ақысы мен тұрмыс шығындары арқылы АҚШ экономикасына шамамен 50 миллиард доллар қосқан.
Халықаралық білім беру институтының президенті Аллан Гудманның айтуынша, алдағы жылдары шетелдік студенттер санының одан әрі өсуі күтілуде.
Ол: «АҚШ университеттері шетелдік студенттерді көбірек қабылдауға қабілетті, біз оларды құшақ жая қарсы аламыз», – деді.