АҚШ-та екі аптаның ішінде аптап ыстықтан 74 адам көз жұмды
АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - АҚШ-та екі аптаның ішінде аптап ыстықтан кем дегенде 74 адам көз жұмды. Бұл туралы NBC-ге сілтеме жасап Лента. ру хабарлады.
Әсіресе, АҚШ-тың шығысы мен Орталық Батысы зардап шекті. Бірқатар штаттарда ауаның температурасы әдеттегі қалыптан бірнеше есе жоғары. Мәселен, 4-6 шілде аралығында Чикагода ауа бағамы 38 градусты көрсетті. Сент-Луисте ауаның жоғары температурасы он күнге жалғасты. Колумбия округінде 38 градустық көрсеткіш 8 шілдеге дейін созылды.
Желдеткіш жоқ үйлерде адамдар көз жұмуда, көшеде, көліктің ішінде денсаулықтары сыр беріп, жағдайлары нашарлауда. Сонымен қатар бұл аптап ыстықты мыңдаған американдықтардың үйлерінде жарықтың жоқтығы да жағдайды одан бетер ауырлатуда. Электр өткізу желісі шығыс штаттарда болған дауылдың салдарынан істен шыққан болатын.
Синоптиктердің болжамы бойынша, батыс штаттарда ауа температурасы тағы да жоғарылайды. Солт-Лейк-Ситиде ауа бағамы 40 градусқа дейін жетеді деп күтілуде.