АҚШ-та ер адам жатын бөлмесінен жер астына түсіп кетті
АСТАНА. 3 наурыз. ҚазАқпарат - АҚШ-та ер адам өзінің жатын бөлмесінен жер астына түсіп кетті.
Оқиға орнына келген құтқарушылар пайда болған ордан оны таба алмады, деп хабарлады РБК.
Оқиға Флорида штатының Сеффнер қаласында болды. 36 жастағы жергілікті тұрғын Джеффри Буш үйінің астындағы топырақтың опырылып түсуі салдарынан тереңдігі 6 метр және диаметрі 10 метр орға құлап кетті.
Оған кіші інісі көмектесуге тырысқан, бірақ құтқарушыларға оның өзін шұңқырдан алып шығуға тура келді. 35 жастағы Джереми Буш ағасының көмекке шақырған дауысын естігенін айтты. Өрт қызметкерлері мен құтқарушылар Дж.Бушпен байланысты орната алмады.
Орға түсірілген камералар мен микрофондар зардап шегушінің іздерін таба алмады. Қазіргі уақытта билік Дж.Буш қаза болды деген болжамды айтуда.
Флориданың орталық бөлігінде жер қабатының ойылуы жиі болып тұрады. Себебі мұнда жерасты карст үңгірлері көп, олар су эрозиясынан бұзылады.