АҚШ-та ерлі-зайыптылар қыздарына Аллах тегін бермек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қыздарына Аллах тегін бергісі келген америкалық отбасылық жұп туу туралы куәлікті беруден бас тартқан Джорджия штатының билігіне сотқа шағымданды.
Бұл туралы Би-би-би ресейлік қызметі хабарлады.
Джорджия штатының денсаулық сақтау министрлігі 22 айлық қызға туу туралы куәлікті беруден бас тартып отыр.
Қыздың ата-анасы Элизабет Хенди мен Билаль Уолк өз қыздарын ЗалиКха Грейсфул Лоррейна Аллах деп атағысы келген.
Алайда штат заңына сәйкес, сәби анасының немесе әкесінің тегін не болмаса екеуін де қатар иеленуі тиіс. Штат билігі сәбиді анасының да, әкесінің де тегі болып табылмайтын Аллах фамилиясымен тіркеуден бас тартып отыр.
Қыздың әкесі Atlanta Journal-Constitution-ға берген сұхбатында өз таңдауларының дінге еш қатысы жоқтығын және оны тек әдемі есім деп санайтынын айтқан.
Бүлдіршін қыздың Мастерфул Мозира Али Аллах есімді үш жасар ағасы бар. Штат билігінің оған еш қарсылығы болмаған, деп жазды Washington Post.