АҚШ-та Hyundai компаниясының 94 мыңнан астам көлігі кері қайтарылады

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Жол қозғалысы қауіпсіздігі ұлттық басқармасы (NHTSA) алдыңғы орындықтарды реттейтін электр қозғалтқыштарының қызып кетуінен туындайтын өртке байланысты Hyundai компаниясының 94 622 автокөлігін кері қайтарып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі FOX Business басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Hyundai отзывает в США более 94 тысяч автомобилей из-за опасности возгорания
Фото: pexels

Hyundai компаниясының мәлімдеуінше, алдыңғы орындықтың биіктігі мен көлбеуін реттейтін қосқыш сыртқы күштің әсерінен жылжып кетуі немесе зақымдануы мүмкін. Бұл жағдайда қосқыш қосулы күйде қалып, көлік иесі көліктен шыққаннан кейін де орындықты реттейтін электр қозғалтқышы үздіксіз жұмыс істейді.

Қозғалтқыштың көп уақыт жұмыс істеуі оның қызып кетуіне әкеліп, көлік жүріп келе жатқанда немесе тұрақта тұрғанда өрт шығу қаупін тудырады.

Кері қайтарып алу 2017-2020 жылдары шыққан 39 978 Genesis G80 көлігі мен 2015–2016 жылдары шығарылған 54 644 Hyundai Genesis седанына қатысты.

NHTSA жөндеу аяқталғанға дейін аталған көліктердің иелеріне автокөліктерін басқа көліктер мен ғимараттардан алыс, ашық жерде тұраққа қоюды ұсынады.

Бұған дейін АҚШ-та 31 мыңға жуық Toyota RAV4 гибридті көлігі кері қайтарылатыны хабарланған болатын.