АҚШ-та қалың қар түсуіне байланысты жеті мыңнан астам әуе рейсі кейінге қалдырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-та сенбі күні қалың қар түсуіне орай 7,6 мыңнан астам әуе рейсі кейінге шегерілді, бұл қатынас түрі жексенбіге дейін тоқтатылуы мүмкін, деп хабарлады CNN телеарнасы.

 АҚШ-та қалың қар түсуіне байланысты жеті мыңнан астам әуе рейсі кейінге қалдырылды

Жұмада күндіз АҚШ-тың шығыс жағалауында қуатты қысқы циклон орын алды. Бұл астаналық өңірді, сондай-ақ жақын маңдағы Мэриленд, Виргиния және Пенсильвания штаттарын қамтыды. АҚШ астанасында және көрші аудандарда сегіз сағат аралығында толассыз қар жаууда. Бұл сенбі түнге дейін жалғасады. Әрі екпінді жел тұрады. Синоптиктердің болжамынша, боран сенбі күні кешке дейін жалғасады деп күтілуде.

Телеарна хабарлағандай, ауа райының қолайсыздығына байланысты астана және көрші штаттарда, оның ішінде Нью-Йоркте әуежайлар жабылды. Жұмада кешке 7,6 мыңнан астам рейс ұшырылмады. Мұндай жағдай жексенбіге дейін созылуы мүмкін.