АҚШ-та қамауға алынған Қазақстан азаматшасы алаяқтардың алдауына түсіп қалған болуы мүмкін - ҚР Сыртқы істер министрлігі
АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - АҚШ-тың Аспент қаласында қамауға алынған Қазақстан азаматшасы Эльвира Ғұмарова алаяқтардың алдауына түсіп қалған болуы мүмкін.
Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров айтты.
«Келіп түскен ақпараттардың біріне қарағанда, ол алаяқтарға алданып қалған. Алайда әлі де бұл жайында айту қиындау. Сондықтан бірінші сот отырысының нәтижесін күту керек»,-деді баспасөз хатшысы. Оның айтуынша, бірінші сот отырысы 4 сәуірге белгіленген. Атап айтқанда Э. Ғұмарованың туыстары АҚШ-ғы Қазақстан Елшілігіне хабарласып, бұл мәселе бойынша көмек көрсетуді сұраған. «Мүмкіндігінше біз барынша көмек көрсетуге тырысамыз»,-деді І. Омаров.
Айта кетейік, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында аталған Қазақстан азаматшасы автокөлік сату жөнінде жалған интернет сайт арқылы 17 мың АҚШ долларынан астам қаржыны жымқырды деген күдікпен Аспент қаласы банктерінің бірінде тұтқындалған болатын.